Бруцеллездің алдын алу, анықтау және күресу шаралары

Бруцеллез – жануарлар мен адамдарға ортақ созылмалы жұқпалы ауру. Жануаралар түсік тастап, шуы түспейді, ені қабынады және бедеу болып қалады. Қоздырушы - Brucella тобындағы бактериялар.

Адамдар ауру малдың шикі сүтін ішу және одан дайындалған өнімдерді қолдану (сыр, май, ірімшік, сүзбе ірімшік), дұрыс пісірілмеген және қуарылмаған етті жеу, ауру малды күту, өзінің жеке қосалқы ауласында ауру малды сою әрі олардың жұқпасы бар заттарды қолдану кезінде жұқтырып алады.

Бруцеллездің жұғу тәуекелін азайту үшін ветеринарлық құжаттары бар жануарларды ғана сатып алу қажет (ветеринарлық анықтама). Сауда жасауға арналмаған орындардан мал шаруашылығы өнімін сатып алуға болмайды.

Шаруашылық жүргізуші субъектілердегі жануарлардың бруцеллезін уақытылы анықтау мақсатында ветеринарлық-санитарлық қағидаларға сәйкес жоспарлы түрде диагностикалық зерттеулер жүргізіледі.

Жануарлардан қан алу және жануарларды егу ісімен ветеринарлық бөлімшелердегі ветеринарлық дәрігерлер айналысады әрі оларды аудандық ветеринарлық зертханаларға жеткізеді. Зертханалардың ветеринарлық дәрігерлері қанның сары суын зерттеп, актілер мен жазбалар ретінде ресімделген зерттеу нәтижесін ұсынады. Ветеринарлық-алдын алу шараларын жүргізу кезінде жануарлардың иелері малдарын ветеринарлық дәрігерлерге көрсетулері тиіс; бруцеллезбен ауырған мал анықталған жағдайда, оны сау жануарлардан оқшаулап, тез арада ветеринар маманның бақылауымен арнайы мал сою алаңына союға жіберу қажет; ауру малдар ұсталған қораларды тазарту шаралары қолданылып, ветеринарлық мамандар зарарсыздандыру жүргізуге жәрдемдесуі керек.

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2015 жылғы 29 маусымдағы «Ветеринарлық қағидаларды бекіту туралы» №7-1/587 бұйрығына сәйкес, сараптама актісінің нәтижесі бойынша тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің басты мемлекеттік ветеринарлық дәрігері жануарлардың иелеріне бруцеллезге оң әсер берген жануарларды оқшаулау туралы ұйғарым береді және күнтізбелік 15 күн ішінде оларды жануарларды союды жүзеге асыратын (ет комбинаты, мал сою алаңы) өндіріс нысандарына санитарлық союға жібереді.

Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 10 шілдедегі «Ветеринария туралы» Заңының 25-бабына сәйкес жеке және заңды тұлғалар мемлекеттік ветеринарлық-санитарлық инспектордардың актілерін орындап, ветеринария саласындағы мамандарға ветеринарлық шаралар жүргізу барысында қызметтік міндеттерін орындауға жәрдемдесуі тиіс.

Ветеринарлық-санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында, өзіне қарасты жануарларды уақытылы тексеріп, егілуін қамтамасыз етулері қажет. Жануарларды сою алдында ветеринарлық тексеру және сойған соң еттері мен ағзаларын ветеринарлық-санитарлық тексерусіз сатуға жол бермеуі керек.

Жануарлардың бруцеллезге қарсы төзімділігін арттыру мақсатында, Қазақстан Республикасының аумағында ветеринария саласындағы уәкілетті мемлекеттік органмен рұқсат берілген екпемен әрі ветеринарлық маманның бақылауымен өз қаражаты есебінен егіледі.

 

 

«Екібастұз қаласы әкімдігінің ветеринария бөлімі» ММ басшысы,

Екібастұз қаласының мемлекеттік ветеринарлық бас дәрігері

Қонақбай Хабдуллинович Турумтаев